БҰҰ-МЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЯ БЕРЕДІ

Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма басшысы – Ректоры Жансейіт Түймебаев БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори ханымды қабылдады. Қадірменді қонақ халықаралық ұйым қызметі аясында Қазақстанда қолға алынған шаралар жайлы әңгімеледі. Жаһан жұртын бейбітшілік пен қауіпсіздікке шақырған ұйым миссиясын орындауда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірге атқарылып жатқан ортақ жобаларға тоқталып, журналистика және халықаралық қатынастар факультеттерінің белсенділігі, оқу орны студенттерінің жоғары білім деңгейі мен қызығушылығын ерекше атап өтті. БҰҰ-ның халықаралық мәртебеге ие білім ордасымен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға ниеттестігін жеткізді.

Университет басшысы өз кезегінде БҰҰ-ның құрылғаннан бастапжаһандық мәселелерді кең көлемде жедел әрі нақты шешуге үлес қосып келе жатқандығына назар аударды. Мәртебелі мейманға университет жайлы жылы лебізі үшін ризашылық білдіре отырып, қара шаңырақтың білім және ғылым саласындағы халықаралық қызметі мен жетістіктері туралы айтып берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлемдегі 200-топ үздік ЖОО қатарына енген Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз университет екенін тілге тиек ете келе, QS жаһандық рейтингі бойынша білім ордасы 165-ші орынға көтерілгеніне тоқталып өтті. Сонымен қатар биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл толатынын айта келе, атаулы мерекеге орай халықаралық конференциялар мен шаралар өткізуді ұсынды. Университеттің 16 факультеті мен барлық кафедралары ынтымақтастыққа мүдделі және БҰҰ-ның тұрақты даму бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған қоршаған ортаны қорғау бойынша жобаларға қосылуға дайын екенін мәлімдеді.

«ҚазҰУ-дың биология, физика, химия және өзге де  факультеттерінің ғалымдары нақты нәтижелерге ие және қоғам үшін пайдалы зерттеулермен айналысуда» деді ректор. Сондай-ақ университеттің қызметі қашықтықтан зондтау деректерін алуға, өңдеуге және таратуға, олардың негізінде халық шаруашылығының және басқа да әртүрлі салалар үшін геоөнімдер жасауға бағытталған ғарыштық спутнигі бар екенін атап өткен жөн.

 

You may also like...