ҚазҰУ мен Өркениеттер альянсы ынтымақтастық келісіміне қол қойды

ҚазҰУ және БҰҰ Өркениеттер Альянсы (UNAOC) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Алматыда БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Насир Абдулазиз Аль-Насер мен ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов бірлесіп жұмыс істеу және ынтымақтастық жөнінде келісім орнатты.

Тұңғыш рет аса жоғары дәрежелі БҰҰ өкілі қазақстандық жоғары оқу орнына ресми сапармен келді. Іс-шараға ҚазҰУ басшылығы, оқытушылар мен студенттер, дипломатиялық миссия және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері атсалысты.

ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов кездесуді аша отырып, мәртебелі мейманмен жайдары амандасып, университет қызметімен және жетістіктерімен, оқу орнының  тұрақты даму бойынша БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» Жаһандық Хабын  басқарудағы жұмысымен толық таныстырып өтті.

Дәріс барысында Насир Абдулазиз Аль-Насер БҰҰ Өркениеттер альянсының жұмысы, қызметінің негізгі бағыттары мен академиялық бірлестіктің Альянс бағдарламаларына қатысуы туралы баяндады.

«Үздік жоғары оқу орындардың бірі болып табылатын осындай беделді университеттің оқытушылары мен студенттерінің алдында сөз сөйлеу – мен үшін үлкен мәртебе. UNAOC Сіздердің университеттеріңіз тәрізді оқу орындары мәдениет диалогында өмірлік маңызды рөл алады деп біледі», – деп атап өтті.

Сонымен қатар, өз сөзінде ол білім берудің Альянс жұмысының басты басымдықтарының бірі болып табылатынын және онда жастарға көп көңіл бөлініп, біршама университеттер жобаларға қосылып, мәдениетаралық диалог, бейбітшілік пен өркениетті сақтау бойынша ұйым бастамаларына қолдау көрсетіп жатқандығын тілге тиек етті. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тұрақты даму бойынша БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» Жаһандық Хабын бас­қара отырып, Біріккен Ұлттар Ұйы­мының өзіне жүктеген міндеттерін нәтижелі орындауда. Біз бұл бүкіл әлемге қажетті әрі осындай күрделі жұмысты жоғары бағалаймыз», – деп атап өтті Насир Абдулазиз Аль-Насер.

ҚазҰУ ҚР Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың «Жасыл көпір» және G-Global бастамаларының энергоэкология­лық стратегиясына қолдау ретінде ТМД университеттері ішінен RIO+20 Әлемдік саммитінде секция ашу жоғары құрметіне ие болған бірден-бір оқу орны. Университет тұрақты даму мәселелері бойынша ІІІ Азия университеттері ректорларының форумына ұйымдастырушылық етті. ҚазҰУ «Жаңа жібек жолы – БҰҰ Моделі» бүкіләлемдік студенттік ойынның бір бөлігі болып табылады, сондай-ақ, Колумбия уни­верситетімен бірлесіп тұрақты даму бойынша мамандар даярлайтын «MDP Global Classroom» бағдарламасын сәтті жүзеге асыруда.

2015 жылы Сеулде (Оңт. Корея) өткен «БҰҰ академиялық ықпал» атты екінші форумында Біріккен Ұлттар ұйымының хатшысы Пан Ги Мун тұрақты даму бойынша БҰҰ жаһандық хабын басқарып келген ҚазҰУ-дың қызметіне жоғары баға берді. БҰҰ-ның 70-жылдық мерейтойы аясында ҚазҰУ «START International conference» атты конференция жұмысын аталмыш халықаралық беделді ұйымның штаб-пәтерінде ашу мәртебесіне ие болды.

2016 жылы университет БҰҰ Өркениеттер альянсы VII Ғаламдық форумына белсене қатысып, «Әл-Фараби – өркениет философы» секциясын ашты және ізгілікті қоғам дамуының тұжырымдамасын ұсынып, шетелдік ғылыми элита арасында жоғары бағаланып, қолдау тапты. ҚазҰУ ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен 2020 жылды «Әл-Фараби жылы» деп жариялау идеясын және Ұлы философтың 1150-жылдық мерейтойына орай халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізуге бастамалық етіп, оны ілгері жылжытып келеді.

95121

Мазмұнды дәріс қатысушылар арасында қызу пікірталас тудырды, олар пікір алмасып, қонаққа ойларында жүрген сауалдарын қойып, мардымды жауап ала алды. Сондай-ақ, БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Насир Абдулазиз Әл-Насер жаһандық күн тәртібіне қатысты журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол ядролық қаруды таратпау, аймақтық қауіпсіздікті сақтау  бойынша  халықаралық қоғамдастықтың қолдауына ие болған Қазақстанның бейбіт бастамаларын және Сириядағы жағдайды реттеуге қосқан мемлекеттің үлесін айрықша атап өтті. Оның пікірінше, қазақстандықтардың ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтаудағы жетістіктері менҚазақстан халқы Ассамблеясы бірегей азаматтық институтын құрғанын көпшілік мойындайды және барлық адамзат үшін өзекті мәселелерді шешудің жарқын үлгісі болып табылады.

Білім мен ғылымды дамытуға қосқан зор үлесі үшін ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің шешімімен Насир Абдулазиз Аль-Насер университет докторы құрметті лауазымына лайықталды. Ол туралы құжат пен мантияны Жоғары оқу орнының ректоры Ғалым Мұтанов БҰҰ Өркениеттер альянсінің жетекшісіне салтанатты түрде табыстады.

Сапар барысында жоғары мәртебелі қонақ ҚазҰУ кампусымен танысып, университет мұражайын аралап, ғылыми кітапханада әл-Фараби мұражайының экспозицияларын қарап шықты, сондай-ақ, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында жастармен  әңгімелесті. ҚазҰУ-дың жасыл технологиялар орталығындағы “ЭКСПО-2017” көрмесінде ұсынылатын ғалымдар мен студенттердің энергия үнемдеу саласындағы жобалары БҰҰ Өркениеттер альянсінің Жоғары өкілінің ерекше қызығушылығын тудырды. Әлемдік деңгейдегі айтулы оқиғаға қолдау білдіру ниетінде ол “ЭКСПО – 2017” аллеясына көшеттер отырғызды.

 Баспасөз қызметі

You may also like...

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *