2020 жыл Әл-Фараби жылы болуы керек – БҰҰ Өркениеттер альянсінің Жоғары өкілі Насир Абдулазиз әл-Насер
ЮНЕСКО қолдауымен 2020 жыл Әл-Фараби жылы болуы керек. Осы идеяны және ұлы философтың 1150 жылдық мерейтойына орай халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізуді ұсынған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бастамасын қолдай келе, БҰҰ Өркениеттер альянсінің Жоғары өкілі Насир Абдулазиз әл-Насер осылай деді.
«БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» Жаһандық Хабын басқаратын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – әлемге танымал ғылым мен білім орталығы. Бұл ұлы ойшыл және үздік философ ибн Әбу Насыр Әл-Фарабидің құрметіне аталған жалғыз оқу орны. Оның мұрасы күні бүгінге дейін ақыл мен жүректі байытып, білімнің қайта жаңарған күшінің жарқын үлгісі болып табылады», – деп атап өтті Насир Абдулазиз әл-Насер.
2016 жылы университет БҰҰ Өркениеттер альянсының VII Ғаламдық форумына белсене қатысып, «Әл-Фараби – өркениет философы» секциясын ашты және шетелдік ғылыми элита арасында үлкен қолдау тапқан ізгілікті қоғам дамуының тұжырымдамасын ұсынды.
Университетте Әл-Фараби мұрасын зерттеу бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, мұражай ашылды, ғалымның кітаптары жарыққа шығарылды, халықаралық Фараби оқулары өткізілуде, Ыстамбұл және Иордан университеттерінде әл-Фараби ғылыми орталықтары ашылды, жуық арада орталық Францияның Сорбонна университетінде де пайда болмақ. Сонымен қатар, ҚазҰУ-да технологиялық және рухани-өнегелік тұғырнамаларға негізделген «Al-Farabi university smart city» бірегей жобасы сәтті жүзеге асуда.