ҚАЗҰУ ФИЛИАЛЫ СИРИЯДА АШЫЛАДЫ
Қазақстандық жетекші білім ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Сирия астанасы Дамаск қаласынан филиалын ашады. Бұл бастама Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мерекесін атап өту салтанатының бастау алуы барысында айтылды.
Мерейтойлық жылдың ресми рәсімінің ашылуында сөз алған ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ. Көшербаев ұлы ойшылдың 1150 жылдық мерейтойын атап өту аясында ауқымды шаралар тек ел көлемінде ғана емес, шетелдерде де жоспарланғанын, соның ішінде Қазақстанның Дамаск қаласындағы тарихи-мәдени орталығы базасында ҚазҰУ филиалын ашу қарастырылғанын жеткізді.
Бұл бастама ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтановтың әл-Фараби жылының салтанатты ашылуына келген Дамаск Университетінің президенті профессор Мохаммед Махер Кабакибимен кездесуінде талқыланды
«Біз бұл идеяны толықтай қолдаймыз және филиалдың құрылуына, алға жылжуына көмек береміз. Бұл халықаралық колоборация үшін жақсы үлгі болады, Қазақстан мен Сирия ғылыми-білім беру салаларында екіжақты қарым-қатынасын нығайтып, әл-Фараби мұраларына тереңнен зерттеу жүргізуді арттырады», – деді Дамаск Университетінің ректоры.