ЮНЕСКО БҮКІЛӘЛЕМДІК РАДИО КҮНІ ЖАҺАНДЫҚ КАРТАСЫНДА

2015 жылы 6-8 ақпан аралығында ІІ Халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебі Алатау бөктері Белбұлақ шатқалында «Тау-Тұран» білім беру кешенінде өтті. Медиа мектепке 150-ден астам журналистикаға маманданып жүрген студенттер, Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын «Дарын» мектеп-интернаты журналистика курсын тыңдаушы оқушылар, «Сыр Медиа» және «Жайық пресс» ЖШС, Астана, Көкшетау, Шымкент қалалық баспасөз өкілдері, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжан журналистері қатысты.
БҰҰ-ның 70 жылдығы мен Бүкіләлемдік радио күніне арналған қысқы мектептің ұйымдастырушысы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Медиасфера» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығы.
Журналистика мектебіне ҚР БҰҰ Ақпараттық бюросы демеушілік танытып, Алматы қ. ЮНЕСКО Кластерлік бюросы, «Бас редакторлар клубы» ҚБ, «Қазақ университеті» баспа үйі ақпараттық қолдау көрсетті. Биылғы қысқы медиа мектептің ең басты жаңалығы – шара ЮНЕСКО Бүкіләлемдік Радио күні жаһандық картасына енгізілді – https://worldradioday2015.crowdmap.com/
Қысқы мектептің ашылуы салтанатында Бүкіләлемдік радио күніне арналған ЮНЕСКО Бас директоры Ирина Бокованың ресми жолдауын әл-Фараби ат. ҚазҰУ докторанты Зарина Бүйенбай БҰҰ ресми тілдерінде дыбыстаған аудиомесседж тыңдалып, студенттік http://journalism.kz/ блогтұғыры таныстырылып, кешкісін шара мәдени-танымдық, зияткерлік ойындармен жалғасын тапты.
Қысқы мектеп күндері медиа майталмандары Мұрат Абенов, Тимур Сержанов, Мұхамедәлі Бұхарбаев, Қанат Әуесбай, Ольга Каплина, Серікқазы Кәкібаланов, Өркен Кенжебек, Яков Федоров, Нұрсұлтан Құрман, сондай-ақ Аита Сұлтаналиева (Қырғызстан), Фатима Муминова (Өзбекстан), Бюлбюл Әлиевалар (Әзербайжан) шеберлік-сыныптарын жүргізді. Шараға Қырғыз Қоғамдық телерадио хабар тарату корпорациясы «Достук», «Биринчи» радиоларының арнайы делегаты қатысып, екі ел арасында студенттік радио жобаларды эфирге шығару туралы келісім жасалды.
Шараның қорытындысы ретінде қазақстандық медиа-нарықта салалық журналистиканы тереңдетіп оқытатын білім берудің академиялық және бұқаралық он-лайн бағдарламалар, журналистикаға жаңа буын өкілдерін дайындауда редакциялар мен медиа өкілдері қолдау көрсететін ақысыз тағлымдамалық курстар, Орта Азия елдері арасында жас журналистердің академиялық ұтқырлық тағлымдамаларын ұйымдастыру, жүзеге асыру ұсынылды.
Медиа мектептің ең жас қатысушысы Өмірбек Мадина: «Қайтсем де тілі жатық, ойы орамды масс-медиа майталманы боламын деп шешім қабылдадым»,- десе, Қорқыт ата ат. Қызылорда ұлттық университетінің студенті Серікхан Жүзеев: «Қысқы мектеп жас журналистердің білім көкжиегін кеңейтті»,-дейді.
Журналистика қысқы мектебіне қатысқан ең үздік жобалар мен идеялардың авторлары әл-Фараби ат. ҚазҰУ студенті Мейірхан Амангелдіге, Қорқыт ата ат. Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Серікхан Жүзеевке, М.Қозыбаев ат. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Тәңірберген Ақбөпеге демеушілер тарапынан арнайы шәкіртақы тағайындалды. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ең үздік жазбалары үшін әл-Фараби ат. ҚазҰУ студенті Әсел Сарқытқа, «Тұран» университетінің студенті Игіликова Гүлалияға, Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын «Дарын» мектеп-интернаты Жансая Себеповаға отандық «Brosh» әшекейлер өңдейтін компанияның өнімдері тарту етілді.
Журналистика және коммуникация қысқы мектебі бірнеше буын өкілдерінің басын қосқан, пікір алмасатын еркін ақпарат алмасатын, тың идеялар ұшталатын алаңға айналды.

10978650_801041276599764_7748886711216345170_n

10945048_800930036610888_885667621645894381_n

10445517_1529966877292500_895295770944499521_n

You may also like...