«ХХІ ғасырдағы жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге Қазақстанның қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция
2015 жылдың 29 қазанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінде БҰҰ-ның Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің реестрлік консультативтік статусына ие «Полигон – 29 тамыз» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының қатысуымен, Алматы қаласындағы БҰҰ қоғамдық ақпарат департаментінің қолдауымен «ХХІ ғасырдағы жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге Қазақстанның қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция БҰҰ 70 жылдығына, Семей ядролық сынақ полигонын (СЯСП) жабу туралы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығының 24 жылдығына, сонымен қатар ядролық қаруды толығымен жою үшін күреске арналған халықаралық күнге арналды.
Конференция барысында ядролық қарусыздану саласындағы бастамаларын дамытудағы Қазақстанның тәжірибесі, ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ ядролық қару-жараққа бақылау және таратпау тәртібінің заманауи мәселелері, ядролық сынақтарға тыйым салу мәселесі, радиоактивті қалдықтар қауіпсіздігі мәселесі, ядролық қарусыз зоналар құру, жердегі, атмосферадағы, теңіздегі және мұхиттағы стратегиялық ядролық күштердің азайту және жою мәселесі және т.б. мәселелер талқыланды.
Конференция барысында әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер қорының президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Горбачевтің конференция мүшелеріне жолдауы оқылды.
Алғы сөз ретінде Алматы қаласының БҰҰ қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі – Куспанов А., БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының өкілі – Бернард Дойл, Қытай, Ресей, Үндістан, Монғолия елдерінің Бас Консулдықтарының өкілдеріне сөз берілді.
Конференцияда АӨСШК хатшылығының кәсіби кадрларының мүшесі Цзянь Сяоян, «Полигон – 29 тамыз» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Бозтаев Н. К., АО «Волковгеологияның» (КазАтомПром) өкілі Крючков В. И., Татарстанның антиядролық қозғалыс өкілі Безертинов Р. Н., Халықаралық қатынастар факультетінің профессорлары Байзакова К. И., Ауған М. А. баяндамаларын жасады.
Конференцияда қарастырылған мәселелер бойынша пікірталаста дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, СЯСП мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, докторанттар, магистранттар, студенттер, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Конференция соңында қатысушылар сертификаттармен марапатталды.